Байланыс телефондары:
+7(717) 268–49–50
+7(701) 719-70-60
» » Сейіт Қасқабасов: Айтысты шынайы өнер деңгейіне көтеруіміз керек

Сейіт Қасқабасов: Айтысты шынайы өнер деңгейіне көтеруіміз керек

14 декабрь 2014, Воскресенье
624
0
АЙТЫСТЫ ШЫНАЙЫ ӨНЕР ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРУІМІЗ КЕРЕК

       Айтыс – көп қырлы, синкретті өнер. Мұнда театрлық әрі драмалық өнердің басы қосылған, сондықтан айтысты – фольклорлық театр, немесе фольклордың драмалық жанры десе де болады. Оның үстіне айтыс — әдебиетке өте жақын жанр, сол себепті кейбір ғалымдар оны әдебиетке жатқызады да әдеби жанр деп есептейді. Бір жағынан алғанда бұл пікірдің де қисыны бар, өйткені айтыс – екі адамның шығармашылығы. Осы тұрғыдан алғанда, айтысты үлкен екі түрге бөлуге болады: фольклорлық, яғни анонимдік айтыс және ақындар айтысы. Біріншісі фольклорға жататын себебі – тек авторы жоқтығынан емес, сондай-ақ ол айтыс текстерінің фольклор поэтикасынан шықпайтындығы. Ал, екіншісі – авторы белгілі, өзіндік «мені», стилі бар, ал тексі біршама тұрақты, әрі варианты аз болады. Демек, ақындар айтысы – авторлық ауыз әдебиеті, яғни ақындар мен жыраулар поэзиясы қатарында қарастырылуы керек. Олай болса, фольклор құрамына тек анонимдік айтыстарды енгізу қажет те, ақындар айтысын бұл саладан шығару шарт.         Фольклорлық айтыс өте ерте заманда пайда болған. Оның шығу тегі рулық қауыммен тікелей байланысты. Ежелгі рулық қауымда эндогамиялық неке салты болған. Сол бойынша екі ру адамдары тек өзара, бір-бірімен ғана некелесетін болған. Жігіт жағы басқа рудан қыз алуға, ал қыз жағы бөтен ру адамына шығуға хақысы болмаған. Соның өзінде де екі рудың арасында тайталас, күш сынасу міндетті болған. Жігіттің руы қыздың руынан білек күші болсын, әдет-ғұрыпты білу жөнінен болсын, сөз өнерінен болсын басым екендігін дәлелдеуге тиіс болған. Екі рудың құдалық салты бойынша екі ақыны, екі шешені өнер мен ой сайысына түсіп, жігіт жағы асып түсуге міндетті болған, ал, егер жеңіліп қалса, айып төлеген, немесе басқа шартты орындаған. Кейін, қоғамдық өмір дамып, эндогамия салты экзогамиялық некеге, яғни өз руынан қыз алмау дәстүріне айналған. Бұл кезде де құда болатын екі рудың сынасуы, сайысуы қалмаған, бірақ олардың түрі, сипаты өзгерген. Сөйтіп, сөзбен сынасу – алғашқы ғұрыптық маңызын өзгертіп, өнер деңгейіне жеткен… Бірақ ежелгі ритуалды айтыстың өзгерген түрлері ұлттық фольклорымыздың құрамында сақталып, бізге жеткен. Олар – үйлену салтына қатысты «жар-жар» мен ескі нанымға негізделген «бәдік» жанрлары. Бұларды ғалымдарымыз «әдет-салт айтыстары» деп атайды (М.Әуезов).
        Әдет-салт айтыстары жеке адамдардың сөз сайысы емес. Олар белгілі бір дәстүр бойынша топ-топ болып, екі жақтың алма-кезек сөз қайыруы, ой жалғастыруы түрінде болады. Ондағы ой-пікірлер, сөз орамдары алдын-ала белгілі, қай топ нені айтатыны мәлім болады. Топ болып айтқандықтан сөздері жаттаулы болады және әні де көпшілікке аян, хормен айтуға бейім болады. Демек, мұнда фольклорлық дәстүр айқын көрініс береді. Мәселен, әдет-салт айтысының тамаша үлгісі «жар-жардың» орындалу мезгілі мен мазмұны дәстүрден шықпайды, олар ел білетін шартқа жауап беруге тиіс. Сол сияқты «бәдік» те екі топтың жатқа білетін сөзінен әрі әуенінен тұрады. Оның да өзіндік орындалу шарттары мен мақсаттары бар. 
Мәселен, қайым айтыс халықтың өте қызық көріп, тамашалайтын сөз өнері. Мұнда ешқандай ғұрыптық белгі жоқ. Бұл айтыс, негізінен, екі жастың, көбінесе бойжеткен мен бозбаланың арасында болады, сол себепті оны «қыз бен жігіт айтысы» деп те атайды. Мұндай айтыс, әдетте, кездейсоқ болады: жігіт пен қыз жиында, немесе оңашада кездесіп қалады да, сөз сайысына түседі. Сол себепті мұнда тақырып кең болады, жастар өздерін еркін сезінеді. Айтыстың бұл түрінде ең әуелі тапқырлыққа мән беріледі, сондықтан айтысушылар бірін-бірі сөзден, уәжден ұту үшін тапқырлық танытып қана қоймайды, олар алуан түрлі әдісті қолданады, тіпті дөрекі сөздерге дейін барады, бірақ бұл сөкет деп саналмайды. 
       Қайым айтыстың көлемі үлкен болмайды, мазмұны өте қызғылықты болады. Айтысқан жастар жеке басының мәселесімен қатар әлеуметтік те проблемаларды қозғайды, этикалық әрі эстетикалық тұрғыдағы тақырыптарға барады. Айтыстың формасы қарапайым болады. Көп жағдайда қыз бен жігіт бір шумақпен ғана шектеліп отырады, сондықтан олар қара өлең формасын жиі қолданады. 
       Бізде айтыстың ерекше бір түрі бар. Ол мысал айтыс. Ақиқатында, бұл классикалық формадағы, яғни өз мағынасындағы айтыс емес, яғни мұнда адамның сөз сайысы жоқ. Мұнда екі жақтың атынан бір кісі сөйлейді. Мысалы, біреу астындағы атымен, немесе тау-таспен, я болмаса аруақпен айтысады. Әрине, бұл жерде екі адамның айтысы жоқ, бірақ екі кейіпкер бар: бір адам екі кейіпкердің атынан сөйлейді. Бұл – нағыз өнер. Басқаша айтқанда, бір адам екі рөлде көрінеді, екі адамның рөлін атқарады. Демек, ол әрі автор, әрі кейіпкер, яғни автор басқа бір кейіпке түсіп, бөтен рөлде ойнайды. Ендеше, бұл – театр өнерінің әдісі. Сол себепті біздің ұлттық фольклор туралы ғылымда мұндай шығармаларды айтыс жанрына енгізіп, шартты түрде «мысал айтыс» деп атау орныққан. Бұл айтыстың да тақырыбы әр алуан, бірақ соған қарамастан ортақ белгі бар: ол – адам, яғни автор – субъект, ал екінші кейіпкер (тау, аруақ, қой, т.б.) – антисубъект болып көрінеді. Міне, осы жағдай бұл шығармаларды айтыс деп есептеуге негіз болып саналады.
Айтыс халық пен қоғам тарихының барлық кезеңінде өмір сүрген. Әсіресе, ақындар айтысы ХІХ ғасырда биік тұғырға көтерілген. 
      Қазақтың сөз өнері ертеден үш түрде дамыған. Біреуі – өзіміздің кәдімгі фольклорлық үлгі, авторы жоқ халық ауыз әдебиеті. Екіншісі, авторы бар ауыз әдебиеті, яғни ақын-жыраулар шығармашылығы. Үшіншісі, жазба әдебиет. Осының ішінде халыққа етене жақын, сүйікті өнер – айтыс. Халық сүйіп тыңдайтын, елді жақын тартатын бір керемет өнер – осы айтыс. Сонау көне заманнан күні бүгінге дейін өмір сүріп келе жатқан жауһар. Өйткені, айтыстың атқаратын міндеті мәнді әрі көп болған. Ең алдымен айтатын болсақ, айтыс – өнер. Бұның ең басты қызметі тыңдаушыға эстетикалық ләззат беру. Неге? Себебі, айтыс – синкретті өнер. Онда әрі ән, әрі өлең, әрі домбыра және орындаушы әнші бар. Осының бәрі жиналып келіп айтысты үлкен деңгейге көтеріп, көп тармақты, көп түрге айналдырып отырған. Тіпті, сахналық өнер мәртебесіне дейін көтерілген. Сол тұрғыдан келгенде айтыстың басты мақсаты – елдің көңілін көтеру, эстетикалық ләззат беру, рухтандыру болған. Сондықтан да қазақта суырыпсалмалық қасиет жоғары бағаланған. «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаған да. Міне, осыған қарағанда айтыстың мән-мағынасы, атқаратын қызметі керемет екенін білеміз. Екіншіден, бүгінгідей теледидар, радио, кинотеатр, интернет, газет-журнал жоқ көне заманда айтыс әрі театрдың рөлін, әрі ақпараттық қызмет атқарған. Ақындар бір-бірімен айтысуға келген кезде беталды сөйлей бермеген. Алдын ала дайындалып, кіммен айтысатынын да болжап жүреді. Бұрын айтыс үлкен тойларда, астарда ұйымдастырылатын, әдейі өткізілетін. Оған атақты ақындар келіп айтысатын. Олар ең алдымен, өзінің елінің хабарын, дерегін алып келеді. Ел-жұртының жағдайын, тарихын, руының шежіресін айтады. Яғни, ақпараттық қызмет атқарған. Тыңдаушы одан өзіне қажетті ақпарат алып отырған. Байлар Жамбыл – Құлмамбет айтысын (Құдайберген болыс) ұйымдастыған. Қай ақын болса да қарсыласының елін, жерін зерттеп, тарихын білуге тырысқан. Сөздің уәжімен бірге өзімен айтысуға шыққан ақынды сүріндіретін ұрымтал тұсты табуға, ашуға талпынған. Тіпті бір әдепсіз қылықтарын айтып, ел алдында ұялтқан. Сонда ғана айтыс қызықты өткен. Ал, тыңдарман ең алдымен, айтысты өнер ретінде қабылдайды, әдемі, келісті сөз сайыс болғанын қалайды. Терең мазмұнды, келісті ойды, жақсы мақамды, ойнақы әзіл, юмор, сатираны күтеді. Сонда ғана айтыс қызықты болады. Әйтпесе еш маңызы қалмайды. 
          Ертедегі айтыстың үшінші бір қызметі – қалың қауымның, қоғамның, бір рудың не тайпаның, не бүкіл бір жүздің атынан сөз айту. Бұл ұжымдық, елдік сананы дамытуға қатты ықпал еткен. Себебі кең-байтақ сайын далада бір отбасы жеке-дара өмір сүре алмайды. Өйткені біздің табиғатымыз өте қатал ғой. Қысы да, жазы да. Демек, онда ұжымдасып өмір сүру керек. Рушылығымызды кейде «артта қалушылық» деп санап жатамыз. Ол біржақты түсінік, себебі, рушылдық бұрынғы тіршілігіміздің кепілі болған. Бірде-бір адам, бірде-бір отбасы шетсіз-шексіз сайын далада ұжымдасып, бірлесіп өмір сүрмесе жеке-дара тіршілік ете алмайды. Сондықтан да рулық, тайпалық қауымдастық қатты сақталған. Осы тұрғыдан келгенде қауымның атынан сөйлеу, рудың атынан сөйлеу, бірте-бірте отанды, жерді қорғау тақырыбына, елдік мәселеге ұласып кетеді. Яғни айтыс бүкіл қазақ даласының бүтіндігі сақталуына әсер еткен. Мысалы, Жамбыл айтыстарында Сұраншының есімі жиі айтылады. «Адамдықты, батырлықты, ерлікті айт» деп жүргені де содан. Осыдан күллі қазақтың атынан сөйлеу шығады. Мәселен, Сүйінбай мен Қатағанның айтысында Сүйінбай қазақтың, Қатаған қырғыздың сөзін сөйлейді. Отанды, елді қорғау, ел қорғаған батырларды мадақтайды. Сол арқылы кейінгі жас ұрпаққа тәрбие беру – осыдан келіп шығады. Бұл тіпті қауымдық, елдік, ұлттық сана-сезімді ояту секілді өзекті мәселелерді көтерген. Қазақтың бүкіл тарихын қамтитын шежіренің тарауларына түсініктеме беріліп, ел бірлігін тұтастауға ықпал етілген. Мысалы, Жамбылдың айтыстарында сонау ертедегі Домалақ ананың тарихы, оның халық бірлігіне жасаған жақсылығы жырланған.
         Сондай-ақ, айтыс арқылы халықтың сыртқа шығара алмай жүрген мұң-зары да ащы тіркестермен айтылып отырған. Қоғамның күнгей және көлеңкелі тұстары бар. Сондықтан да оның түрлі қайшылықтардың болуы да заңды. Кеңестер одағының тұсында социалистік қоғамның жетістіктерін жырладық та, әлеуметтік қайшылықтарды айтқан емеспіз. 
Көнедегі айтыстарда біздің ата-бабаларымыз сол әлеуметтік қайшылықтарды, адамдардың арасындағы келеңсіздіктерді, билікте отырған төре-бектердің жағымсыз қылықтарын қатты сынап отырған. Сондықтан да айтысты халық керемет жақсы көріп, қуана-қуана қарсы алған. Яғни айтыс ақындары кейде бұқара халық пен биліктің арасындағы дәнекер ретінде көрінген. Мәселен, қоғамдағы әділетсіздікті әміршіге, сұлтанға, ханға қаратып айтқан тұщымды жыр жолдары бізде көптеп кездеседі. Бұған Асанқайғының Жәнібекке, Шалкиіздің Бектемірге, Жиембеттің Есім ханға, Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқаны дәлел бола алады. Бұның бәрі – халықтың қамын ойлап отырып, оппозициялық ой айту, билік басындағыларды ойландыру. Міне, осының бәрі біздің халықтың далалық демократиясы. Осы дәстүр кейінгі ақындарға да ауып отырған. 
Мысалы, Махамбеттің Жәңгір ханға, Сүйінбайдың Тезек төреге қасқая қарап сөйлеуі – ақындық дәстүрдің заңды жалғасы. Бұл бәрін жоққа шығару емес, қоғамның дертті ауруын сылып тастау. Сыздауығын тазартып тастау мақсатында айтылған. Міне, осындай «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген шартты паш еткен дәстүрді ақындар да, халық та, билік те ұстанған. Бұл – айтыстың мәдениетті өнер болғандығының бір көрінісі. 
          Айтыс Кеңестер одағының тұсында да жоғалып кеткен жоқ. Бірақ, коммунистік партияның сөзін сөйлеп, саясатқа қарай икемделді. Сөйтті де айтысқа цензура кіргізілді. Дегенмен, айтыс болып тұрды. Тіпті соғыстың кезінде қызықты айтыстың өткізілгені де рас. Алайда, цензура кірген соң айтысқа, ақындарға шектеу қойылды. «Ананы айтпа, мынаны айтпа» деген тапсырмалар болғанын, нұсқаулар бергенін жасыра алмаймыз. Әуелі кеңес үкіметі ақындар айтысын алдын-ала жаздырып алып, мәтінін редакциялап отырған кезі де болған. Яғни айтыстың өткірлігінен қорқып, «шындықты, қиыншылықты айтып қояды» деп сескенген. Осындай нәрсенің әсерінен айтыс өз деңгейінен төмендеп, мазмұны әлсіреді. Осыдан соң «айтыс ескірген, көненің сарқыты, қазіргі заманның талабына сай емес» деген сөз шықты. 1969 жылы Лениннің жүз жылдығына орай айтыс өткізілді. Онда да бәрі цензурамен бақыланды. Бірақ сол айтыс халық арасында айтыскерлердің барлығын, суырыпсалмалық қасиет әлі тірі екендігін көрсетті. 70-ші жылдары біраз дау туып, оған біздің жазба ақындарымыз да «айтыс ақындары бізден жоғары болып кетті» деп араласып, айтыскерлік мәселесі үлкен үйлердің дәлізінде қаралды. Марқұм Әбділда Тәжібаев пен Мұхаметжан Қаратаев айтыстың керек екендігін дәлелдеп шыққан болатын. Сол тұстағы айтыс, әрине, өмір сүруі үшін Компартияны, Кеңестер одағының жетістіктерін жырлауға мәжбүр болды. 1961 жылы айтысқа біздің бұрынғы көнекөз айтыскерлеріміз Қалқа Жапсарбаев, Кенен Әзірбаев, Халима Өтеғалиева апамыз бар, бәрі қатысты. Сонда ақындарымыз бәленше гектардан түгенше өнім алдық, бәрі табысты болды деген сипатта тек мақтауды бірінен кейін бірі айтып шықты. Айтыста сөз алған Әбділда Тәжібаев керемет сөйледі. «Бәрі жақсы. Күрішті де, көмірді де, еңбекті де айтайық, бірақ, сендер ақынсыңдар ғой. Көркем сөз қайда? Образ қайда, көркем айшықты тіркестер қайда? Неге ұшқыр ойлар жоқ?» деген пікірді Әбекең қатты айтты. 
     Тәуелсіздік алған соң айтыс жаңаша сипат алды. Абайдың 150, Жамбылдың 150 жылдығында мемлекет өзі ұйымдастырып, үлкен-үлкен марапаттар жасалды. Бұл – айтысқа жаңа серпін берді. Ал, айтысты сақтап қалған нәрсе, біріншіден, халықтық қолдау болса, екіншіден, Жүрсін Ерманның сіңірген еңбегі де әсер етті. Шынын айту керек. Жүрсіннің еңбегінің арқасында сол тұста демеушілер, баяғы қазақтың ескі заманындағыдай қалталы азаматтар мәшине, жылқы тігіп, ақшалай сыйлықтар берді. Мәселен, Амангелді Ермегияев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Өмірзақ Сәрсенов, Нұртай Сабильянов сияқты ұлттық өнерді қастерлейтін азаматтар көп демеушілік көрсетті. Бұл ежелгі дәстүр. Айтыс 2000-шы жылдан бері қарай өте жиі болып кетті. Шынын айтсақ, ел содан жалыға бастады. Өйткені қай нәрсенің мол болғанынан адам жалығады ғой?! Құны кетеді. Сондықтан айтысты енді жаңаша формада беру керек секілді. Елді сағындырып барып, аса бір маңызды мемлекет пен қоғам үшін артықша қажетті мерекелер мен даталарда өткізген дұрыс сияқты. 
         Мұхамеджан Тазабеков жап-жақсы айтыскер. Сөздері көрікті, әдемі болатын. Құдай берген дарынын, өнерін кемелдендіре түсу керек. Сосын Аманжол Әлтаев. Марқұм Оразалы Досбосынов әрбір сөзін шымыр шумақпен, тапқыр әзілмен айтушы еді. Оңтүстіктен Бекарыс Шойбеков деген жігітіміз, батыстан Мэлс Қосымбеков қандай айтыскер еді?! Айтыскер қыздарымыз да өзінше бір төбе. Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Леубаева, Сара Тоқтамысова. Ұшқыр сөздер, жақсы теңеулер құмның арасындағы алтын секілді жылт етіп көрініп қалып жататын. Әрине, Біржан мен ақын Сараның айтысындай болмаса да соған жетеқабыл сөз сайыстары болды. Мысалы, қыз бен жігіт айтысы өте жақсы өтетін. Әр ақынның өзіндік қолтаңбасы, бағыты көрініп қалып жататын. Айбек Қалиев деген жігітіміз көбінесе сын жағын ащы жеткізуші болды. Айтыс ақыны бәріне объективті қарауы керек. Сосын этиканы сақтай отырып, айтыскер қарсыласын сөзбен жығуы керек. Оның үстіне біздің ақындарымыздың көпшілігі газет-журналдарда айтылып жататын жаңалықтар мен тақырыптарды сөз қылады. Меніңше, ел мерзімді баспасөзден оқып, біліп алатын нәрселерді қайта жаңғыртып айтудың қажеті шамалы. Яғни, айтыс – қос ақынның өнер сайысы болуы керек. «Сен ауылыңды мақтадың, бірақ мынадай кемшілік болды ғой» деген нәрселер болса, шіркін?! «Қоғамның көлеңкелі тұстарын айтпа, тек күнгейін айт!» деу кеңестік идеологияның ісін қайталау болады. Сондықтан ақындарымыз айтысты өнер деңгейіне шығаруы шарт болуы тиіс. Сынның өзін нақты дәлелмен айтса құба-құп. 
          Сынның өзін мәдениетті жеткізу керек. Кейбір ақындарымыз сынаған осы екен деп басшыларға тиетіндей ауыр сөздер айтып жатады. Сонда халыққа жағу үшін міндетті түрде басшыны сынау шарт па? Шынын айтқанда, мәселе Елбасында, бір адамда ғана емес, тапсырмасын орындаушыларда ғой?! Соны да ойлаған жөн. Сынаудың да өз жөні болады. Мысалы, 90-шы жылдардың ішінде біздің жігіттер: «Жұмыс жоқ, халық аш қалды» дегенді төндіріп тұрып айтты. Бірақ одан өзгеріп кеткен ештеңе болмады. Әділ қазылардың құрамында мен де болдым, соны бірнеше рет ескерттік. Қалың бұқара сондайды айтқанды қалайды. Алайда, одан айтыс өнерінің деңгейі көтеріле ме?! Айтыс этикалық, эстетикалық талаптардан да ауытқымауы керек. Міне, мәселе қайда жатыр?
         Біздің бұрынғы ақындарымызда үлкен этика болған. Жеңілген адам өз кемшілігін мойындап, сол айтысты халыққа таратып отырған. Міне, үлкен мәдениеттілік деген – осы. Қазіргі ақындар жеңілгенін мойындамақ түгіл, тоқтаусыз айта бергенді дұрыс көреді. «Тоқта!» десең де тоқтамайды. Жүргізіп отырған Жүрсінге, әділқазылар алқасына жармасып, «Маған сөз бер» дейді. Алайда, онысы өнер емес. Бізге керегі — өнер. Айтыс – халықтық өнердің бір түрі. Әрине, айтыс болған соң келеңсіз сөздер де кетіп жатады. Негізгісі – осыдан сақ болу керек. Сөз жүйесін тапса, бәрі дұрыс. Бірақ бізде қазір осы жетпей жатыр. Қарсыласының басым түскенін мойындаудың өзі – ерлік. Сондай ерлік жетіспейді. 
Айтыс сапасын жақсартып, ұлттық өнерімізді өміршең ету үшін:
— айтысты жаңа сапаға көтеру керек;
— Халықаралық сипатта жүйелеп, басқа формада өткізетін уақыт жетті деп ойлаймыз;
— әлемдік тәжірибені пайдалану жөн. Мәселен, футболдан әлем чемпионатының үлгісін алуға болады. 4 жылда бір болады. Әр елден әлем бойынша 16 команда сұрыпталады. Ол топтарға бөлінеді. Сол 16 команда жарысқа түседі (1 турда). 8 команда 2 турда жарысады. Жартылай финалға 4 команда қалады. Олар 3-ші турда кездесіп, 2 команда қалады. Финалда сол екеуі ойнайды. Жеңгені чемпион болады. Ұтылғаны 2-ші орында. Жартылай финалға шыққан екі команда 3-ші орынға таласады. 
– Біз осы үлгіні алсақ. Бізде 14 облыс, 2 мегаполис (Астана, Алматы) бар. 14 облыстан 14, екі мегаполистен 2 адам шығып, 16 адам үлкен айтысқа шығуы керек. 16-ны төрт топқа бөлу керек. Алғаш 2 орынды алғандар 8 болады, олар айтысады. Олардан 1-ші орын алған 4 адам қалады. Бұлар айтысып (жартылай финал), 2 адам қалады. Финалда екі ақын айтысады. Біреуі – жеңімпаз (Бас жүлде). Екіншісі – 1 ші орын. Жартылай финалда айтысқан осы екі ақын 3-ші орынға таласады. Жеңгені -3, жеңілгені – 4 орында. Оларға да тиісті сыйлық, ал қалған 12 ақынға ынталандыру, әр дәрежедегі сыйлық. 
– Ал, 16 ақынды үлкен айтысқа анықтау үшін ауыларалық, ауданаралық айтыстар өткізу керек. Ауданаралықтан жеңгендер облыстық айтысқа түседі. Облыстық айтыстарда 1-ші орын алғандар Үлкен айтысқа шығады (Астана мен Алматы да осылай).
— Сөйтіп, 16 ақын үздік боп шығады да, республикалық үлкен айтысқа қатысады.
— Бұл үлгінің ұтымды жағы көп. 
— 1-ден, ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі басшылар айтысқа үлкен көңіл бөлетін болады. Себебі облыстан айтыскер шықпаса, үлкен кемшілік болуға тиіс;
— 2-ден, айтыстың пәрмені күшейеді, өйткені айтыс қашанда сын қаруы болған. Сын нақты әрі обьективті болуы үшін Республикалық айтысқа шығатын ақындар 1 ай бұрын кіммен айтысатынын біліп, 15 күн қарсыласының облысына барып, елді аралап, жетістігі мен кемшілігін көріп, білуі керек. Айтыс кезінде осы көрген-білгенін айтып, айтыстың сыни сипатын күшейтеді. Ол аудандағы, облыстағы көрген кемшіліктерді ашық айта алады, өйткені ол басқа облыстың адамы, қорықпайды. Нақты да әділ сынды естіген басшы да, жұрт та ащы шындыққа жауап күтеді. 
— 3-ден, айтыс теледидардан көрсетілуі керек, БАҚ-та жариялануы тиіс. 
Бұл жағдай айтыстың пәрменін күшейтеді. Айтыста айтылған кемшіліктер түзетілді ме, жоқ па, халық та, Республика басшылары да біліп отырады. 
— 4-ден, ақындардың жалпы біліктілігі, өресі биіктейді, себебі олар ізденеді, дайындалады. Майда тақырыптардан, бос сөзден аулақ болады. 
       Менің бұл айтып отырғандарым ұсыныс. Оны қабылдап, жүзеге асыру үшін арнайы жүйеленген Ереже керек. Сол Ережеде Үлкен айтысты қанша жылда бір және қай тарихи датаға орай өткізу керек, соны жазу қажет. Сондай-ақ Үлкен айтыс болардан бұрын бір, бір жарым жыл ішінде ауыларалық, ауданаралық, облысаралық айтыстар өткізілуі қажет. 
Демек, Үлкен Республикалық айтыс 3 немесе 4 жылда, мүмкін, Тәуелсіздік күніне, яки Конституция күніне орай өткізілгені дұрыс сияқты. 
        Жалпы, ұсынылған жүйе қабылдап, оның барлық бүге-шігесіне дейін қарастырылуы шарт. Бір ескертетін жәйт: ақындар айтысы мұнымен ғана шектелмеуі тиіс. Жекелеген азаматтар өз қызықтары үшін шағын айтыс ұйымдастыруына қарсылық болмауы тиіс.
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры